Бүгін Астанадағы "Қазанат" ипподромында өткен салтанатты рәсімнен соң “Ұлы дала жорығының” қатысушылары жолға жиналады. Ертең шабандоздар Қаражар ауылынан «Ұлы дала жорығына» аттанады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Республикалық бәйгеге қатысатын маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасын шығарып салу үшін Астанаға облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев, облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, ұлттық спорт орталығының басшысы Қайрат Бурбасов барды.
- Адай жылқысы тек қана биікте болсын. Алдыңғы жылдың нәтижесін одан да жақсартып, жеңіспен қайтуыңызға тілектеспіз. Алла қуат берсін, жеңілдігін берсін. Тіл-көзден сақтасын, - деді Ұлықбек Тінәлиев.
Республикалық марафон-бәйге биыл екінші мәрте өткізіліп жатыр. Қазақ даласын дүбірлететін шабандоздар жарысы 14 күнге созылады. Ақмоладан басталатын жорық Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда облыстары арқылы өтіп, Түркістанда аяқталады. Атқа мінгендер бұл бәйгеде 12 аудан мен 52 елді мекен үстінен өтеді. Марафонға халықаралық судьялар мен жоғары білікті ветеринарлар шақырылған. Аламанның соңғы нүктесіне қысқа уақытта жеткен команда 30 миллион теңгеге ие болады.
Ал JORYQ ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей 14 күнге созылатын бәйгенің ерекшелігі жөнінде Facebook парақшасында жазды.
«Аты да, заты да ерекше марафон-бәйгенің мән-мағынасы туралы қысқаша айтып кеткенді жөн көрдім.
Біріншіден, әлемдік атжарыстардың ішінде ең ұзақ қашықтық 160 шақырымнан аспайды. 14 күн бойы 1 300 шақырымды жүріп өтуге тек қазақ жылқысының шамасы жетеді. Ата-бабамыз Үстірттен Алтайға дейінгі алып аумақты атпен жүріп аралаған. Ендеше, бұл – нағыз қазақы жылқы тұқымын қайта жаңғыртуға серпін беретін жоба.
Екіншіден, адам баласының атты алғаш қазақ жерінде ерттеп мінгені, Ұлы көшпенділер мәдениеті барша адамзат өркениетіне әсер еткені – даусыз дерек. Ендеше, бұл – Қазақстанды ат спорты мен ат туризмінің отаны ретінде мойындатуға жол ашатын шара.
Үшіншіден, марафоншылар Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Оқшы ата, Бытығай, Үкашата ата, Ясауи кесенелеріне атпен барып, зиярат етеді. Осылайша, біз Ұлы даланың өткен тарихына, Қазақ мемлекеттігіне деген құрметті күшейтеміз. Ендеше, бұл – тек спорттық шара емес, мәдени-рухани жорық.
Төртіншіден, 14 күндік алыс сапарға азаматтың азаматы ғана шыдайды. Бұл жолда адамгершілік, жауапкершілік, шыдамдылық пен табандылық сияқты қасиеттер алға шығады, мінезге айналады. Ендеше, бұл – жастарды сөзбен емес, іспен тәрбиелеудің тиімді тәсілі.
Осылай тізе берсем, «Ұлы дала жорығының» ерекшелігі көп.
Ең бастысы, бұл – Қазақстанды Ұлы дала көшпенділерінің мұрагері ретінде мойындатуға нақты дәйек. Ендеше, оны халықаралық аренаға шығарып, ұлттық бренд ретінде қалыптастыруға ұмтыламыз!», – деді Әлібек Әлденей.
Айта кетейік былтыр «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінде маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасы бас жүлдені жеңіп алған еді.
- Осы 14 күндік «Ұлы дала жорығында» алда тұрған кедергілерді, қиын кезеңдерді бағындырамыз деген ойдамыз. Төрткүл дүниенің назарын Қазақ еліне бұрғымыз келеді. Қазақ даласында болып жатқан «Ұлы дала жорығы» қазақтың брендтік бәйгесі болса екен деген үміттеміз, - дейді «Көкмойнақ» командасының жетекшісі Исенбай Қалдаманов.
Махаббат Нұржанқызы